Өскемендегі демалыс орындары жаңа нысанмен толықты. Облыс орталығындағы этносаябақта Қыдыр атаның резиденциясы ашылды. Резиденцияға қазақтың дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан сыр шертетін дүниелер қойылған. Жиналған жұрт бұл күні Қыдыр атадан бата алып, бүлдіршіндер тілектерін жазып, арнайы жәшікке тастады. 

Сол жағалау мұражай-қорық кешенінде ашылған Қыдыр атаның үйін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Резиденция толықтай қазақи нақышта безендірілген. Онда ұлттық аспаптар мен түрлі жәдігерлер қойылған. Мерекелік шараға жиналған жұртшылық асық атып, арқан тартысып көңіл көтерді.

Бұдан бөлек шарада аймақтағы қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.Көрмеде текемет, сырмақ тоқудың, домбыра жасаудың қыр-сырын меңгергісі келетіндер үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Жиналғант жұртты әсем әнімен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Абдуллин тербетті.

Шараны ұйымдастырушылар мақсат өскелең ұрпаққа қазақ фольклорын, салт-дәстүрін насихаттау дейді.

Қыдыр ата резиденциясы бір ай бойы келушілерді қабылдайды. Қонақтар абыз атадан бата алып бауырсақ пен тәттіден дәм тата алады.