«Жанұя сәні – сыйластық». Халқымыз қашанда отбасының береке-бірлігін алға қойған. Татулықты ту еткен шаңырақтың босағасын киелі санап, туыстық құндылықтың құнын түсірмеуге тырысқан. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Тарбағатай жұрты бұл ретте ата дәстүрді бұзбай, «берекелі жанұялар» санын арттыру, оларды жастарға үлгі етуде ілгері келеді.
Аудандық мәдениет үйінде отбасында сыйластық, жарастық орнаған, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп өсірген, бас қосқандарына жарты ғасыр болған «Алтын Шаңырақ» пен «Күміс кереге» иелерін марапаттау шарасы өтті. Жарасымды жұптар ауданның әр ауылынан арнайы шақыртылған. Мерекелік шарада «Алтын той» және «Күміс той» иелері «Құрмет» кітабына салтанатты қол қою рәсімі де болды. Ондаған жыл бұрын отау құрған отбасылар алғаш шаңырақ көтергендегі естеліктерімен бөлісіп, жанұядағы мейірім мен махаббаттың маңызына тоқталды. Жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, қатысушыларды марапаттады.