Сахна – саф өнерді сақтап, сезім мен сөзді, әуен мен ырғақты бір арнаға тоғыстырып, көрерменге жеткізген саңлақтардың киелі орны. Бұл іске барын салғандар құрметке лайық. Облыстық драма театрда Халықаралық театр күніне орайластырылған мерекелік шара өтті. Кеште «Маска - 2024» сыйлығының иегерлері анықталды.
27 наурыз – халықаралық театр күні. Заман қаншалықты өзгерсе де, көрерменін жоғалтпаған ұлы өнер мерекесінде өңірдің үздіктері анықталды. Шәкен Айманов айтқандай «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын». «Маска - 2024» сыйлығы тек сахнадағы өнеріне өзгені сендіре білген мықтыларға ғана бұйырады.
Шараға өнерді шын бағалап, сахнаның қадірін түсінетін жандар түгел жиналды. Өнер адамдары үшін көрермен қошеметі мен елдің алғысына жетер марапат жоқ. Алайда, жыл көлемінде атқарған ерен еңбегінің жемісін көретін сәт, ол дәл осы күн. Сол себепті, әр актер бұл айтулы күнді асыға күтті.
Бұл - театр қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл өнер сүйер қауымының да төл мерекесі. Ал саналы ғұмырын сахнаға арнап, өнерді өмірінің өзегі еткен жандар үшін осынау мерекенің маңызы әрқашан да бөлек. «Маска - 2024» сыйлығының қорытындысында «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Айым Бегматқа бұйырды. Ол бұл жүлдені Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасындағы рөлі үшін алды.
«Ең үздік ер адам бейнесі» рөлі Ақжол Сақановқа бұйырды. Ал, режиссер Рүстем Есдәулет атындағы арнайы сыйлық Ирина Сахарованың еншісінде. Номинация иегерлеріне құрмет грамотасы мен қаржылай сыйлықтар берілді.