Өскеменде «Байтақ» жасылдар партиясы шығыстағы экологиялық мәселе мен оны шешу жолдарын талқыға салды.Жиында облыс орталығындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісі де қаралды. Өңірдегі белсенді топ мүшелері мен студенттер қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұсыныстары мен жобаларын ортаға салды.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің студенттері Үлбі өзеніндегі судың сапасын бақылауды қамтамасыз ететін 3D модельді ұсынды. Ал, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-нің жастары маусымдық аллергияны алдын алуға бағытталған бастамалары жайлы айтып берді. Эко-кәсіпкерлер жағы келушілерге шыны, пластикті қайта өңдеу және табиғи шикізат негізінде азық-түлік өнімдерін өндіру жобаларын көрсетті. Қоршаған ортаны қорғау ісінде қала тұрғындары да белсенділік танытып жүр. Солардың бірі - Людмила Евженкова. Ол 10 жылдан астам уақыт қоқыс жинаумен айналысып келеді. Қалдықтарды өңдеуге қатысты жобаны да ойлап тапқан.

 «Байтақ» жасылдар партиясы өткен жылы атқарылған жұмыстарына тоқталды. Саяси партия бір жылдық мерейтойын осылай қорытындылады. Дөңгелек үстел аясында облыс орталығындағы экологиялық мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек эко-жобалардың авторларына қолдау көрсетілді.

Облыста экология мәселесінің бұрыннан бері көтеріліп келе жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін ауаны тазартып, кәсіпорындардың зиянды шығарындыларын азайту мақсатында атқарылған жұмыс ауқымды. Елдегі өндіріс орнының орталығы саналатын Өскеменде қоршаған ортаны қорғау ісі соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды. Осы түйткілдерді тиімді шешу үшін жауапты сала мамандары аянбай еңбек етіп жатырмыз дейді.

Отырысқа кәсіпорын басшылары, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық саласының мамандары қатысты. Олар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.