«Кезекке тұрсаң, түбі бір пәтер бұйырар». Осындай үімтпен баспаналы болуғи ниеттенген азаматтар бар. Ұзақ жыл кезекте тұрып, жаңа қонысқа ие болып жатқандар да жоқ емес. Дегенмен, «әлі бір орында тұрмын», «кезек жылжымайды» деп арыз-шағымын айтатындар да бар. Соның бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Сейсембай Жампеисов. Ол арнамызға хабарласып өзінің базынасын айтты.

Иә, Сейсембай аға осыдан үш жыл бұрын анасы Сатсия Жампеисованың атынан тұрғын үй кезегіне тіркелген. Анасы 92 жастағы тыл ардагері. Жасы келген сайын көз жанарынан айырылған ақ жаулықты ана бірінші топтағы мүгедек. Әрі отбасы әлеуметтік осал топ санатында тұр. Баспана кезегінде 3389 орында. Дегенмен, 2021 жылдан бері кезек жылжымай тұрған көрінеді.

Рас, баспана елімізде ең өзекті мәселелердің бірі. Сол себепті айлығы шайлығынан артылмайтын олар көбіне мемлекет тарапынан берілетін баспанадан үміт күтіп, кезекке тұрады. Кезек өздігінен қозғалмайды. Оны жылжытатын - жергілікті әкімдік ғана. Тұрғын үй құрылысы қаншалықты қарқынды болады, соншалықты кезектің «бойына қан жүгіреді», дейді жауапты мамандар.

Бүгінгі таңда Өскемен қаласы бойынша 14 700 адам баспана кезегінде тұр. Ал қала тұрғындарының қандай да бір сауалы болса әкімдіктің есігі әркез ашық. Жауапты мамандардың сөзінше қазіргі таңда тұрғын үй қатынастары заңына ешқандай өзгерістер енгізілмеген.