Су басқан жерлерден айдалған малға жем-шөп жетпеген жағдайда өңір бойынша арнайы нөмірлерге хабарласуға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі халыққа осындай көмек жасап отыр. Бұл амал мал шығынын болдырмау үшін жасалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі берген дерекке сүйенсек ел бойынша 30 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалған. Министрліктің ресми өкілі Олжас Тілебалдин осылай деді.
Министрлік берген ресми ақпаратта «Су тасқыны салдарынан ТЖ режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетін болады. Су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін облыстық штабқа хабарласу қажет» делінген. Нөмірлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында жарияланған. Шығыс Қазақстан тұрғындары 8 7232 57-00-29 және 57-00-35 нөмірлеріне қоңырау шала алады.