Президент елдің бірқатар өңірінде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты үндеу жариялады. Тасқыннан зардап шеккендерге мемлекет барынша көмектесетінін жеткізді. Мемлекет басшысының үндеуінен кейін облыс әкімі Ермек Көшербаев жедел кеңес өткізіп, тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстар барысын талқылады. Әзірге облыста жағдай тұрақты. Ең қауіпті деп танылған Риддер қаласы, Катонқарағай, Шемонаиха, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары мамандардың бақылауында.

Өңірлік ықтимал тәуекелдер картасында су тасқыны болуы мүмкін аймақтар көрсетілген. Картадағы деректерді үнемі жағартып отыру қажет. «Қажет болған жағдайда жұмысқа Ұлттық ұлан мен Қарулы күштер қызметкерлерін тартамыз. Санитарлық және эпидемиологиялық қауіпсіздікке назар аудару маңызды. Бастысы халықтың қауіпсіздігі» деді облыс әкімі өз сөзінде. Облыстық ТЖД мәліметі бойынша демалыс күндері Бұқтырма өзенінің суы көтеріліп, салдарынан Алтай ауданы Богатырев ауылындағы бір-екі үйдің ауласына су кірген. Жағдай туралы тұрғындар хабарласып, айтқан. Құтқарушылар жедел әрекет еткен. 10 техника жұмылдырылды. 4 адам өз еріктерімен эвакуациялаудан бас тартып, туғандарының үйіне орналасты. Сондай-ақ, ТЖД қызметкерлері Катонқарағай ауданы Коробиха ауылында да су деңгейін бақылауда. Арнайы мамандар тәулік бойы сең ағынын бақылап отыр. Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, арнайы постар қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған.