Облыстық әкімдікте өңірдегі су тасқынына қарсы шаралар жайлы баспасөз концеренциясы ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, аймақтағы қар жамылғысының аумағы алпыс пайызды құрайды. Өңірде ахуал тұрақты. Дегенмен, алдығы аптада ауа райы құбылуы ықтимал.

Облыс аумағында су тасқынының алдын алу мақсатында су қоймалары тәулік бойы мамандардың жіті бақылауында. Құтқарушылар су басу қауіпі бар аймақтардағы тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ТЖ кезіндегі әрекеттер алгоритмі бойынша нұсқаулықтарды ұғындыруда. Жағдай ушықса, азаматтық қорғау күштері мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен 2270 адам, 732 техника 61 жүзу құралдары мен 234 мотопомпа әзір.

Осы аптада ауа температурасы оң сынап бағанасын көрсетеді. 9-10 сәуір аралығында жауын-шашын күтіледі. Катонқарағай, Марқакөл, Күршім аудандарында нөсер жауын болуы ықтимал, дейді мамандар.

Ал, «Шығыс су қоймалары» мекемесінің директоры облыстағы су қоймаларындағы су деңгейі шектік деңгейден төмен, алаңдауға негіз жоқ, деп сендірді.

Сондай-ақ аймақта «112» жедел желісі және «109» ахуалдық орталығының жедел қызметі үнемі байланыста деді жиынға қатысқандар.