Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі денсаулық сақтау және спорт саласындағы бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді.

Медициналық мекемелер тауар жеткізушілерден медициналық жабдықты уақтылы жеткізбегені үшін тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етпеген. Атап айтсақ, Күршім аудандық ауруханасына 88,8 млн теңге тұратын маммографиялық цифрлық аппаратты мерзімінен 34 күн кешіктіріп жеткізген. Алайда, аурухана басшылығы 533 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндірмеген. Глубокое аудандық ауруханасына да 14,7 млн теңге тұратын өкпені жасанды желдету аппараты уақтылы жеткізілмеген. 882 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілмеген. Сондай-ақ, медициналық құралдардың мемлекеттік тізіміне енбеген және елімізде пайдалануға болмайтын фактілері анықталып отыр.

Сондай –ақ, Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 7 қызметкердің жалған дипломдармен жүргенін анықтады.

Басқарма басшысы Денис Шакенов барлық анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдармен тексерулер басталғанын, заң аясында процессуалдық шешімдер қабылданатынын атап өтті.