Облыста су тасқынын болжау жүйесін әзірлеу жүргізілуде. Қазір оны құру үшін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуде. Төтенше жағдай департаментінің мамандары өнертабыстың артықшылықтарын талқылау үшін әзірлеушілермен кездесті.
Жаңа жобаның мақсаты – өңірдегі су тасқыны жағдайын бақылаудың тиімділігін арттыру. Аумақтарды су басуына мониторинг жүргізу мен болжауды қамтамасыз ету әдістерін қамтитын талдамалық жүйе әзірленбек.
Бағдарламаның дәлдігін арттыру үшін ғалымдар көптеген факторларды ескеруі керек. Әзірге жүйе сынақтан өтіп жатыр. Қазір оның дәлдігі 40% құрайды.
Сонымен қатар, ғалымдар бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қосуды жоспарлап отыр.
Құтқарушылардың сөзінше, облыстың солтүстік-шығыс аудандары қазір ерекше бақылауды қажет етеді. Өйткені былтырғымен салыстырғанда биыл жауын-шашын 1,5 есе көп болды. Дегенмен, қазір өңірге су тасқыны қаупі төніп тұрған жоқ.