Су тасқынынан зардап шеккендерге өңір жұрты да қол ұшын созудан қалыс қалмады. Жерлестеріміз солтүстіктегі ағайын-жұртқа 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Бұл игі бастама Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Жүректен жүрекке» акциясы аясында өткізіліп отыр. Жіберілген көмектің 8 тоннасы азық-түлік. Ал, қалғаны киім-кешек, төсек-орын және гигеналық заттар.

Гуманитарлық көмекке қала тұрғындарынан бөлек, өңірдегі әр елді мекеннің халқы ат салысты. Оның ішінде Күршім мен Алтай өңірінің қосқан үлесі зор.

Өскеменнің өзінде ғана гуманитарлық көмекті жинау үшін 4 жерде қабылдау орны ашылған. Акцияға жастар мен еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, ЖОО қатысты. Гуманитарлық көмекке еріктілер де өз үлестерін қосты. Олар жүктерді жинап, сұрыптау мен буып-түюге көмектесті.

Тек азық-түлік пен киім-кешек ғана емес, кейбір жеке компаниялар қаржылай да көмек беріп жатыр. Этномәдени бірлестіктер де акцияға өз үлестерін қосқан.

 «Жүректен жүрекке» акциясы әлі де жалғасын табатын болады. Гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері тағы бірнеше күн жұмысын жалғастырмақ.