Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпті кесел – лудомания туралы сөз қозғады. Бүгінде 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардан шықпайды. Мемлекет басшысы үкіметке осы мәселелермен күресу үшін бірқатар міндеттер қойды. Өз кезегінде депутаттар жаңа шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды.

Қоғамда лудоманияға шалдыққандар саны көбейіп келеді. Құмар ойынның салдарынан айрандай ұйып отырған отбасылардың шырқы да бұзылып жатыр. Бұл тәуелділіктен құтылу да оңай емес. Өскемендік 29 жастағы тұрғын бұрын букмекерлік компаниялардың тұрақты ойыншысы болған. Бұл азамат зиянды тәуелділіктен он жыл уақыт өткен соң арылып, өз өмірін біржола өзгертуге бел буған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы құмар ойынның құрығына іліккен 36 мыңнан астам адам өз тәуелділіктерін мойындаған. Зардап шеккендердің көпшілігі жұмыс істейтін азаматтар санатында. Қоғам белсенділері де бұл мәселе бойынша үнсіз қалмады.

Өз кезегінде депутаттар құмар ойын тәуелділігімен күрес бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа, жаңа заң жобасы аясында алимент немесе несие бойынша қарызы бар азаматтар құмар ойындардан шеттетіледі. Депутат атап өткендей, егер заң аталған өзгерістермен қабылданса, бұл қоғамды сауықтыруға және құмар ойындардың таралуын шектеуге мүмкіндік бермек.