«Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Бағаны тұрақтандыру департаменті кәсіпкерлермен бірлесіп Өскеменде «Алтай» көтерме-тарату орталығының құрылысы бойынша инвестициялық жобаны іске асыруда. Бүгінгі таңда көкөніс сақтау қоймаларында қырыққабат, картоп, сәбіз және пияз сияқты 500 тонна өнім сақтаулы.

Көтерме-тарату орталығының құрамына ауданы 20 мың шаршы метр болатын екі көкөніс қоймасы және сауда залы кіреді. Биыл сауда залындағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр, - дейді мамандар. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру бағдарламасы бойынша «Алтай» көтерме-тарату орталығынан сауда павильондарына қырыққабат жеткізіледі. Ал мамыр айынан бастап картоп, пияз және сәбіз жеткізілетін болады. Яғни бұл мамырмен шілде аралығында осы аталған өнімдердің бағасы бұрынғыша қалады дегенді білдіреді.

Көтерме-тарату орталығының әрбір көкөніс қоймасы оңтайлы жағдайда сақтауға мүмкіндік беретін климаттық бақылаудың жаңа жүйелерімен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қазан айында жүктелген барлық өнім бүгінгі таңда жақсы сақталып, сатуға дайын. Әрбір камерада датчиктер жүйесі жұмыс істейді, олар арқылы басқару пультіне ақпарат түседі. Осылайша, технологтар өнімдерді сақтау камераларындағы жабдықтардың жұмыс процесін қадағалай алады. Бір камера 1200 тонна өнім тиеуге мүмкіндік береді, ал жалпы көкөніс сақтау қоймасы 16-ден 18 мың тоннаға дейінгі өнімді сақтай алады.

Биыл орталық құрылысын толық аяқтау жоспарланған, ал сауда залы іске қосылғаннан кейін тұрғындар азық-түлікті бекітілген бағамен ала алады, - дейді мамандар.