Облыс орталығында Тарбағатай ауданының бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік беретін шарада жоғары оқу орындарының түлектері мен жастарға ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Соңғы екі жыл ішінде Тарбағатай ауданында бірқатар мамандардың тапшылығы сезіледі. Оның ішінде, мұғалім, дәрігерден бөлек, ішкі саясат бөліміне мамандар ауадай қажет.

Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз ұйымдарын таныстырды. Бос жұмыс орындарын ұсынды. Тарбағатай аудандық полиция бөліміне де бірқатар қызметкер керек.

Аудан өкілдері С. Аманжолов атындағы ШҚУ–нің студенттеріне ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.

Жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне жұмыс табылады. Тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмыспен қамтуға көп көңіл бөлінген.

Өскемен жоғары медициналық колледжінің студенттері де Тарбағатайдағы бос жұмыс орындарымен таныс болды. Студенттердің арасында ауданға барып, жұмысқа орналасқысы келетіндердің қатары көп.

Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырушылар жұмысқа орналасқысы келетіндердің барлығына жұмыс табылатынын айтады.