Су тасқынынан зардап шеккендерге өңір жұрты да қол ұшын созудан қалыс қалмады. Өскеменде батыстағы ағайын-жұртқа көмек қолын созуға арналған «Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек»атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Игі бастаманы «NURORDA» мектеп-лицейінің ұжымы мен мектеп оқушыларының ата-аналары іске асырды.

Жәрмеңкеге дайындықты «NURORDA» мектеп-лицейінің ұжымы бір апта бұрын бастаған. Игі шараға Өскемендегі бірнеше кәсіпкер қолдау көрсеткен.

Шараға жиналғандарға мектеп ұжымы арнайы бауырсақ, палау және әр түрлі тәттілер әзірлеген. Келушілер ыстық шай мен түріктің дөнерінен дәм татты.

Жәрмеңкеде керектінің бәрі бар. Балалардың ойыншықтарынан бастап, үй жануарларына арналған тағамдар да осында.

Шара соңы мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты. Қайырымдылық жәрмеңкесінен жиналған қаражат батыстағы ағайынға жөнелтілмек.