Шығыс жұрты су тасқынының бірінші толқынын ойдағыдай еңсерді. Қазір өңірдегі барлық құзырлы мекеме екінші толқынға дайындықтарын пысықтауда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Ермек Көшербаев айтты. Бұл жиынға Астанадан арнайы келген жұмыс тобының мүшелері де қатысты. Іске асырылатын шаралар жайлы әріптесім тарқатсын.

Жұмыстобының құрамында сегіз министрліктің өкілі бар. Мақсат – облыстағы су тасқынына қатысты жағдайды тексеру. Өткен жиында бірқатар мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған астаналық делегация су басу қаупі сейілмеген бірқатар ауданды аралап, тасқынға тосқын боларлық жұмыстарды көріп қайтпақ. Облыс әкімінің айтуынша, таулы аймақтардағы қар жамылғысының еруіне байланысты су тасқыны кезеңінің екінші толқыны басталды.

Облыстың төрт ауданындағы өзендердің 17 учаскесінде 376 миллион теңгеге профилактикалық мұз жару жұмыстары жүргізілген. Осының арқасында сеңнің жүруі қауіпсіз өтті. Өзендердің барлығы дер кезінде мұздан аршылып, тазартылды. Осы ретте, өзендердегі су шығыны 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5-3 есе жоғары болған. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстың 11 өңірінде су тасқыны оқиғалары тіркелген. Алайда жедел атқарылған алдын алу жұмыстарының арқасында апатқа жол берілмеді,-дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Қазір су тасқыны қаупі облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында сақталуда. Олардың қатарында Риддер қаласы, Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім және Шемонаиха аудандары бар. Айта кету керек, наурыз айының соңында қардағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары болды. Бұл – соңғы 50 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал, облыстың шамамен 48 пайызында әлі қар жатыр. Бұдан бөлек, аймақтағы су қоймалары да қатаң бақылауда.

Бүгінде облыста жедел штаб құрылған. Барлық қызметтердің жұмысы үйлестірілген. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.