Өскемен әкімі Жақсылық Омар облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, жөндеу жұмысының уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап қайтты. Нысанның уақытылы тапсырылуына жауапты мердігерлерге нақты тапсырма берді.

Өскемен әкімі Жақсылық Омар облыс орталығында атқарылып жатқан барлық жұмыстарды, қаланың тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмай жиі аралап, бақылауда ұстап келеді. Бұл жолы шаһар басшысы Жібек Жолы көшесінен Өскемен-Алматы бағытындағы тас жолдың сапасын тексерді. Қазіргі уақытта тас жолдың Есенберлин даңғылымен қиылысатын ауданында асфальт төселіп жатыр.Ал жұмыстың бекітілген талапқа сай орындалуын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайды.

Жергілікті әкімдік облыс орталығына ерекше көңіл бөліп келеді. Көшелерде орташа жөндеу жұмыстары да қарқынды. Әсіресе, шет аудандарды дамытуға басымдық берілген.

Сондай-ақ Өскемендегі «Бәйтерек» монуметін этносаябаққа көшіру жұмыстары басталып кеткен. Қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, монумент орналасқан аумақтағы жолдың астында су құбырлары бар. Осыдан, шамамен, он жыл бұрын сақина-жолдың ортасына орнатылған сәулет нысаны енді отыра бастайды. Мұндай жағдайда құбырларға зақым келуі мүмкін.

 «Ең өзекті деген мәселені бірінші кезекте шешуге күш салу керек», деген қала басшысы туындаған жағдайды анықтап зерделеуге барлық бөлім басшыларын жұмылдырды. Ал, қарқын алған жұмыстар тәулік бойы тоқтаусыз жалғасатын болады.