Айдың басында басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жер-жерде өтуде. Ауқымды акция бес аптаға созылады. Әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналған. Глубокое ауданы бұл істе белсенді. Елді мекендердің көшелерін мұнтаздай етіп, алаңдарды абаттандырып жатыр. Игі іске еріктілер де қосыла алады.

Ел бойынша алғашқы апталық «Таза өлке» атауымен басталды. Оның барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартты. Келесі жұма «Киелі мекен» деп аталды. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру, қоқыстан тазалау жұмыстарына арналған. Глубокое кентінде қолға алынған акция белсенді. Абай атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы бастаған топ мәдени нысан маңын ретке келтірді.

Кенттің көркін келтіретін орталық көше мен алаң, саябақтар мен аллеялар. Серуендеген халық демалыс орындарында көп уақыт өткізеді. Сондықтан, бұл жерлердің тазалығы маңызды. Тазалық – мәдениет, тәрбие белгісі. Айналып келгенде әр азаматтың парызы, деп түсіну керек дейді сенбілікке қатысқандар.

Мәдениет үйі ұжымы мен мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, ерікті тұрғындар да төбе көрсетті. Қолына сыпыртқы алып, кірісіп кеткеннің бірі Ирина Тюсупова. Оның айтуынша, игі істе шетте қалу жарамас.

Сенбіліктер кестемен өтеді. Ендігі шаруа ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеу сияқты жұмыстар, дейді кент әкімі.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады. «Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылмақ.