Өскеменде «Иновациялық әдістер мен технологияларды қолдау арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың техникалық шығармашылығын дамыту» атты қалалық семинар- практикум өтті. Семинарға облыс орталығындағы 32 жеке балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері қатысты. Шарада өскелен ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселесі талқыланды.

Семинарда бүлдіршіндерге арналған «Менің сүйікті қалам», «Аспан әлеміндегі таңғажайып оқиға», «Көңілді аула тұрғындары», «Аялада қонақта», сондай-ақ, «Найзағай Маккуиннің жарыстағы қызықтары» атты ұйымдастырылған шеберлік сағаттары өткізілді.

Сондай-ақ, шарада бүлдіршіндер тәрбиешілерімен бірге «Қазақи киіз үй» этноконструкторын қолданып, оның бөлшектерін атап, қазақ ою-өрнектерінің түрлері туралы түсінігін кеңейтіп, киіз үйге тән элементтерді пайдалана отырып, оларды құрастырып, безендіреді.

Шара балғындардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды да көздейді. Бұдан бөлек, әңгімелеу арқылы ойын жеткізу, пішіндер мен түстерді ажырату сынды дағдыларын шыңдау жолдары көрсетілді.

Бүлдіршіндердің де бұл шараға үлкен жауапкершілікпен дайындалғандарын аңғаруға болады. Балғындар би билеп, ән айтып, тіпті ұлттық аспаптарда ойнады. Шара соңында семинарға қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.