Өскеменде «Тіл шебері-2024» облыстық байқауы өтті. Шараның мақсаты тіл мәдениетін арттыру, үштілдікті насихаттау. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау. Сайысқа облысқа қарасты аудандар мен қалалардан келген азаматтар қатысты.
Дәстүрлі «Тіл шебері» байқауына жиналғандардың қарасы қалың. Байқауда тоғыз үміткер бақ сынады.
Сайыс төрт кезеңге бөлінген. Әр кезеңде қатысушылар берілген ұяшықты таңдап тақырып шеңберінде үш тілді жетік меңгергендіктерін көрсетті. Мәселен, бірінші кезеңде Қазақстан тарихы мен мемлекет қайраткерлері жайлы тақырып берілді.
Сайысқа қатысушылар жақсы дайындықпен келгені көрініп ақ тұр. Себебі, әр кезеңде жаңылыспай нық жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша Зайсан ауданының намысын қорғаған Мадина Биқадамова үшінші орынға табан тіреді.Ал екінші орын Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкері Ауесхан Даулетберді мен Самар ауданы Достық үйінің директоры Нұрболат Манкейге бұйырды. Бірінші орынды ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаментінің консультанты Назымбек Биханов иеленді. Ал бас жүлдені ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаментінің офицері Абзал Нұғманов қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мақтау қағазымен бағалы сыйлықтармен марапатталды.