Барлық дәрілік заттар таңбаланады
Үкіметтің өткен жылдағы қаулысымен таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне өзгеріс енгізілген еді. Енді бірінші шілдеден бастап барлық дәрілік заттар міндетті таңбалануға жатады. Яғни, құрамында сәйкестендіру құралдары бар дәрілік заттың қаптамасына енгізілген ақпарат болу тиіс.Ол 2Д код ретінде қаптамаға енгізіледі. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы қызметін «Қазақтелеком» АҚ атқарады. Дәрілік заттарды таңбалауды өндіруші қазақ және орыс тілдерінде қаптаманың әр бірлігіне салады. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау препараттардың сапасын, тұтыну циклінің мониторингін бақылау, заңсыз айналымға жол бермеу сияқты мақсатты көздейді. «Бұл тетік дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға және сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ пациентке бағдарланған толыққанды және сенімді дәрілік қамтамасыз етуді қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұл шара дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысындағы барлық субъектілерге, оның ішінде медициналық ұйымдар, көтерме және бөлшек саудадағы субъектілерге, атап айтқанда отандық өндірушілер, дистрибьюторлар және дәріханаларға қатысты.