Глубокое ауданында «Халық заңгері» акциясы өтті. Акция аясында аудан тұрғындарына жоғары білікті заңгерлер, тәжірибелі адвокаттар және мемлекеттік органдар өкілдері тегін көмек көрсетті. Бұл шара елдің барлық қалалары мен елді мекендерінде өткізіліп жатыр.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Тұрғындардың мәселелерін шешу және тегін заң көмегін көрсету. Шарада кез-келген азамат мемлекеттік орган өкілдеріне өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, жауап ала алады.

Шараға аудан адвокаттары мен заңгерлері, сот орындаушылар қатысты. Полиция қызметкерлері мен салық органдарының мамандары да қызмет көрсетті.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8000-нан астам сарапшылар мен шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан. Құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам азаматтың мәселелері қаралып, уақытылы көмек көрсетілген. Дәстүрге айналған акция алдағы уақытта да қолдау табары сөзсіз.