Глубокое ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл тағы да бірқатар отбасылар баспаналы болады. Олардың арасында кезекте тұрғандар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар бар.

Биыл аймақта жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жоспарлануда. Кезекте тұрғандарға 700-ден астам пәтер табысталады. Ал, жеке құрылыс салушылар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 400-ден астам үй салады. Глубокое ауданының Кожохово ауылдық округінде де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бұл елді мекенде құрылысшылар бірнеше үй салып жатыр.

Құрылыс жұмыстарын жақын арада аяқтап, қыркүйек айында азаматтарға кілттерді табыстау жоспарланған. Сондай-ақ, жаңа үйлердің маңында жолдарды асфальттап, тротуарлар төселмек. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да шет қалмайды.

Кожохова ауылының тұрғындары енді бұл құрылыстың сәтті аяқталуын күтуде.

Жоба көпбалалы отбасыларды және азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған.