Сол жағалаудағы этносаябақ аумағында өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты 33 сессиясында айтылған нақты міндеттерді орындау барысы айтылды. Өзге бе маңызды мәселелер талқыланды. Бірлік пен жасампаздықты, татулық пен бірегейлікті ұстанған ассамблея мүшелері бас қосқан шараға Қазақстан Халқы Ассамблея Төрағасының орынбасары, Марат Әзілханов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қатысты.
Жиында аймақ басшысы облыстық ҚХА жұмысына тоқталып, қолға алған жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Соңғы екі жылда Достық үйлері этномәдени бірлестіктердің ғана емес, сонымен қатар жергілікті қауымдастықтың, ҮЕҰ мен жастардың уақыттарын тиімді өткізетін ортасына айналғандығын да тілге тиек етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 40 достық үйі бар. Ал Шығыс Қазақстанның 8 ауданында осындай достық үйлері жұмыс істеп тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов көптеген облыстарда аудандық деңгейдегі Достық үйлері әлі де жоқ. Сондықтан бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы өзге облыстарға үлгі болып отыр деді.
Мемлекет басшысының ҚХА алдына қойып отырған тағы бір міндеті – Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі жұмысын жаңғыртып, жандандыру. Облыстың әр қаласында, ауданында және ауылдық округтерінде 114 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға көмек көрсету.
Шығыс Қазақстан облысы ҚХА 30-шы сессиясы соңында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткен ҚХА мүшелерін, еріктілер мен меценаттарға Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыстық Достық үйі мен этномәдени бірлестіктердің мүшелеріне шағын автобустың кілтін табыс етті. Енді Достық үйінің өкілдері өңірдің кез келген ауданына барып, көшпелі отырыс өткізе алады.