Соңғы жылдары әлемде аутизм дерті анықталған балалардың саны артып келеді. Елде де аурудың бұл түрі жиі тіркеліп, ахуал күрделене түскен. Осыған орай облыс орталығына арнайы Алматыдан «Добровольное общество Милосердие» қоғамдық қоры келіп, «Аутизмді жеңуге болады» атты семинар өткізді.
Аталмыш семинардың мақсаты – аутизм спектрі бұзылған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған. Екі күнге созылатын жиында балалар аутизмі мәселелерімен айналысатын 80- нен астам әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау салаларының мамандары мен ата-аналары қатысты. Аймақтың әр түкпірінен жиналған қатысушыларға Алматыдан келген білікті мамандар өз білімімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
 «Добровольное общество Милосердие» қоғамдық қоры осыған дейін елдің 13 қаласына барып, семинар өткізген. Мұндағы мамандардың өзі ерекше балаларды тәрбилеп отырған жандар. Сондықтан оларға бұл бағытта жұмыс істеу қиындық тудырмайтын көрінеді. Тіпті орталыққа күніне 120-дан астам адам жүгініп, ана мен балаға қолдау көрсетіледі.
Бүгінгі таңда аймақта да аутизм дертіне шалдыққан балалармен тығыз жұмыс атқарылып жатыр. Түрлі орталықтар ашылып, ерекше жандарға көмек көрсетуде.
Шара соңында кері байланыс ұйымдастырылып, қатысушылар ойларын ортаға салды. Аутизм дертіне шалдыққан балғындарды қолдап, демеуге арналған мұндай бастамалар жалғасын табады. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.