ХХІ ғасыр – технологияның қарыштап дамып жатқан заманы. Осы тұрғыдан алғанда елімізде мемлекеттік тілді оқытуда цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, сабақ барысында тек ұтымды, заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып қана қоймай, барынша цифрлық технологияларды, оның ішінде қазақ тілін үйретуге арналған платформалар, мобильді қосымшаларды пайдалану аса маңызды.

Тіл саясатының жүзеге асырылуына әрдайым назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа мүмкіндікті айқындау оның мәртебесін, қолдану аясын кеңейтері сөзсіз. Облыстық линвистикалық орталық оқытушысы Ләззат Қайдарованың айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін сөз еткенде заманауи форматта оны цифрландыру да ұмытпау керек. Өйткені қоғам күнделікті өзгеріп, күніне жаңа технологиялар іске қосылып жатыр. Аталмыш орталықта оқытушылар «Асыл қазына», «1 минут», «Quiz» сынды зияткерлік ойын түріндегі сабақтарды өткізеді. Сонымен қатар, ТедХ форматындағы сабақтар да бар. Мұнда тіл үйренушілер көпшілік алдында ойын ашық жеткізуге үйренеді.

Оқытушының сөзінше, сабақтар қатысушылардың тілді білу деңгейіне байланысты таңдап алынады. Мәселен, В1 деңгейінің тыңдаушыларын оқыту барысында жағдаяттық тапсырмаларды көбірек қолданылады. Ал C1 деңгейінің тыңдаушыларына сабақ өткізген кезде фильмдерден үзінді көрсете отырып, оны талқылау, кейіпкерлердің әрекетіне баға беру, кейіпкердің мінезін сипаттау үшін ашық алаң секілді форматты таңдаймын дейді Ләззат Қайдарова.