Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл. Мерейтойға арналған шаралар легі аясында облыстық филиалда «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің өзекті бағыттары: үздіксіз трансформация аясында жаңа сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Мемлекеттік қызметшілерді оқытумен, ғылыми зерттеулер жүргізумен, ҚР мемлекеттік қызметінің дамуын сүйемелдеумен, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құзыретін арттырумен айналысады. Конференцияда Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Ребекка Вульфович қазіргі Ресей мемлекеттік қызметінің моральдық-адамгершілік нормалары туралы онлайн форматта сөз сөйледі. Шараға облыс бойынша Академия филиалының түлектері және өзге филиалдардың қызметкерлері, Академияның профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Басқосудың талқылау бөлімі мемлекеттік қызметті трансформациялаудың қазіргі бағыттары мен мүмкіндіктері; мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін дамыту құралдары: тәсілдер, технологиялар, әдістер, сондай-ақ мемлекеттік қызметкер тұлғасының адамгершілік негізінің тарихи және мәдени бастаулары және оның инновациялық әлеуеті бағыттары бойынша жүргізілді.

Сондай-ақ, конференцияда мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мәселесі талқыланды. Мұнда бірінші кезекте лайықты еңбекақы төлеу мәселесі тұр.

Сонымен қатар конференцияда қатысушылар еліміздегі мемлекеттік қызметті дамыту бойынша жобаларын таныстырды.