Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында «Бас және мойын ісіктері туралы Республикалық хабардар болу апталығы» тақырыбында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Жиын барысында мамандар өңірдегі онкология саласының жағдайына тоқталып, ресми мәліметтермен бөлісті.

Бас және мойын қатерлі ісігі – ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын, параназальды синус, қалқанша безі, бас және мойын терісі сияқты аймақтарда дамитын қатерлі ісіктер тобы. Елде бас және мойын ісігінің жыл сайын 1700 жағдайы тіркеледі. Бұл дерт көбіне 55- 60 жас аралығындағы адамдарда кездеседі.

Диагноз бен ісіктің таралу дәрежесіне байланысты орталық мамандары хирургия, химиотерапия, сәулелік терапия әдістеріне жүгінеді. Ал орталықтың онкохирургы Жандос Мағзұмов қатерлі ісіктің алдын алу үшін адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарамау керектігін жеткізді.

Елдің барлық аймағында бас және мойын қатерлі ісігін алдын алуға арналған ашық есік күні өтті. Онкология және хирургия көпсалалы орталығының дәрігерлері келушілерге тексеріс жүргізді. Ескерте кетейік, шараға қатысып, онкологтан кеңес алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болса жеткілікті.