Жылдағы дәстүр бойынша облыс орталығы – Өскеменде татар-башқұрт халықтарының ұлттық «соқа мейрамы», яғни, баршаға мәлім «Сабантой» кеңінен аталып өтілді. Жер-ана төсіндегі көктем-жаз маусымдарындағы қауырт шаруалардың аяқталуына орай ұйымдастырылатын бұл мейрам әдеттегіден де қызықты болды. Түрлі конкурстар, ұлттық ойындар мен концерттік бағдарлама жиналған жұртшылық көңілін бір серпілтіп тастады.

 «Сабантой» татар тілінен аударғанда «соқа мейрамы» дегенді білдіреді. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мереке егістік алқаптарындағы дән себу шаруалары әбден бітіп, алдағы шөп шабатын, астық оратын науқан басталғанша, екі аралықтағы бос күндерде тойланатын халықтық ойын-сауық сәті. Бұл мейрам - адам мен табиғаттың байланысы.

Шығыста тұратын ынтымағы жарасқан ондаған ұлттар мен ұлыстарға да жұғысты болып отыр. Мәдениет әлемін байытып, олардың бір-бірінің қадір-қасиетін бағалап, салт-дәстүрге адалдығын паш етеді.

Татар халықының той-думаны көпшіліктің көңілінен шықты. Жиналған жұртқа шара ұйымдастырушылары тегін ыстық тамақ пен ұлттық сусындарын ұсынды.