С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қабанбай батыр атындағы әскери кафедрасы мерейтойын атап өтті. Әскери кафедра 2019 жылы ашылған болатын. Сол күннен бастап әскери кафедра офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасын бітірген 500-ден астам студент шығарды. Қазір мұнда 260-тан астам жас оқиды.

Әскери кафедрада сегіз мамандандырылған сынып, дәріс залы, әдістемелік кабинет, саптық плац, спорттық қалашық, тактикалық алаң, электронды және атыс тирі, техниканы сақтауға арналған бокс жұмыс істейді. Аудиториялар техникалық оқыту құралдарымен, макеттермен, бейне проекторлары бар интерактивті тақталармен жабдықталған.

Бағдарлама бойынша запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау әскери-есептік мамандықтар бойынша алынатын жоғары білім негізінде жүзеге асырылады. Мақсат – Қазақстан Республикасының жұмылдыру резервін жасақтау, Қарулы Күштердегі офицерлік лауазымдарды қосымша штатпен толықтыру.

Оқу сабақтарының ұзақтығы күніне 6, ал өздік жұмыс 2 академиялық сағатты құрайды.

Әскери дайындық курсын бітірген студенттерге жоғарғы оқу орнының дипломымен бірге запастағы офицердің жеке куәлігі де беріледі.