Шемонаиха ауданы Выдриха ауылында орналасқан «Уба» сауықтыру орталығының жұмысы қарқынды. Шипажайда соғыс ардагерлері, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетіледі. Демалыс орны жыл сайын 5000-ға жуық адамды қабылдайды. Мұнда демалушылар үшін барлық жағдай да жасалған.

Шипажай қызметі басталысымен бірден 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Олар 14 күн бойы тегін кешенді ем қабылдайды. Оған фитотерапия, массаж, физиотерапия сынды қызметтер кіреді. «Уба» емдеу орталығының Усть-Таловка ауылында орналасқан ғимараты да бар. Ол бір мезетте 50 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

Шипажайда емделушілер үшін барлық жағдай жасалған. Оларға ыңғайлы болу үшін бөлмелер бірінші қабатта орналасқан.

Емдеу кешенінде балшық және тұзды ванналар бар. Бұл ем-дом түрі денсаулық үшін пайдалы. Алтынбек Қожаханов орталыққа биыл екінші рет келіп отыр. Алтай ауданының тұрғыны бүгінде денсаулығым жақсарып, оң нәтижесін бергенін айтады.

Сондай-ақ шипажайға келген азаматтарға 3 рет ыстық тамақ беріледі. Дұрыс тамақтану тәртібі қатаң сақталады. Ал, ас мәзірі 14 күн бұрын дайындалатын көрінеді. Мұнда келушілер арнайы дәрігердің нұсқауымен келіп, ем ала алады.

Демалушылар түрлі шараларға да белсенді қатысады. Шипажайда шығармашылық топ құрылып, концерттер ұйымдастырылады. Азаматтардың бос уақыты текке өтпейді. Олар шахмат, дойбы, үстел теннисі сынды ойындар ойнап, кітап оқиды.