Статистикалық мәліметке сүйенсек,елде жыл сайын ауылдан 50 тіпті 80 мыңға дейін адам көшеді екен. Ал оның салдарынан аймақтарда маман тапшылығы туындайды. Келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында өңірде көші-қон бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттік бастама нәтижесін берді ме? Жоба қалай жүзеге асып жатыр? 

Көші-қон бағдарламасының мақсаты - өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету, аймақтың демографиялық жағдайын көтеру. Мемлекеттік бағдарлама аясында мамыр айында еліміздің оңтүстік өңірінен отызға жуық тұрғын келіп, Марқакөл ауданының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Осы тұрғындардың арасынан бес отбасы Ақбұлақ ауылына түбегейлі көшіп келу туралы шешім қабылдаған.

Бағдарлама арқылы Түркістан облысынан қоныс аударғандардың бірі бес балалы отбасы Менлібековтар әулеті.

Марқакөлдіктер ауданға көшіп келген отбасыларды ерекше қуанышпен құшақ жая қарсы алды.

Мамандардың айтуынша, облыста мұғалімдер мен дәрігерлер тапшы. Әсіресе, ауылдық жерде бұл мәселе өзекті.

Өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы бюджеттен қаржыландырылады. Оған берілетін бір реттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 258 440 теңге. Бұл отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді.