«Қонақжай отбасы» бағдарламасының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Жоба аясында Глубокое ауданынан 20 оқушы қазақ тілін үйренуге Катонқарағай ауданына аттанған болатын. Балалар оқу бағдарламасынан бөлек мәдени мекемелерге барып, спортпен шұғылданды. Аудандағы туристік орындарға саяхат жасап, киелі жерлерді аралап, дәстүр мен әдет-ғұрыпты зерттеу сынды танымдық шараларға қатысты.
«Қонақжай отбасы» жобасы 15 маусым күні басталған болатын. Осы жылы 120 оқушы мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген. 12-14 жастағы жасөспірімдер Катонқарағай ауданының Белқарағай, Жамбыл, Берел, Өрел ауылдарына аттанды. Ал Тарбағатай және Зайсан аудандарының 20 қандас балалары орыс тілдік ортада бейімделуге Глубокое ауданы мен Риддер қаласына барды.
Жоба аясында Глубокое ауданының 19 оқушысы Катонқарағай ауданында болып қайты. Балалар Берел мен Жамбыл ауылдарына барып тіл үйреніп қана қоймай, салт-дәстүрмен тұмса табиғатпен танысып қайтты.
Глубокое ауданы Ы.Алтынарин атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Арина Фефилованың тіл үйренуге деген құлшынысы ерекше.
Жоба аясында аттанған оқушылардың қазақша сөздік қоры молая түскен. Тіпті қонақжай отбасына келіп қосылған жасөспірімдер тіл меңгерумен қатар, ұлттық тағамдарды да жасауды үйреніп үлгерген.
Тіл үйренем деген балаларды құшақ жая қарсы алған қонақжай отбасының иелері де жобаға жоғары бағасын беріп үлгерді. Оқушыларға қазақ тілін үйреткен жанұяларға мемлекеттен қаржы төленеді.