Өскеменде интернет алаяқтықтың саны артқан. Осылайша ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейген. Өскемендегі тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарын күшейткен. Бұл жолы полицейлер қоғамдық орындарға барып ақпараттық парақшалар таратып, қаладағы сауда үйлеріне макеттер қойды.
Әлеуметтік желіні жайлаған алаяқтар көпшілікті, аз қаржы салып еселеп пайда табуға болатын жалған ұсыныстарымен тұзаққа түсіруін әлі тоқтатпай келеді. Келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында өскемендегі полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленген дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді.
Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер бар. Әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады. Олар ұсынған мобильді қосымшаны да орнатпау қажет.