А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы Ұлттық домбыра күнін атап өтті. Атаулы күнге орай кітап көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер назарына екі шекті, тоғыз пернелі аспаптың тарихын тереңнен тарқататын дерек-дәйектер ұсынылған. Игі шарадан оқырмандар қауымы да шет қалмады. Күмбірлетіп күй төкті, әуелетіп ән салды.
Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, ұлттық музыкалық аспабы. Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмеде түрлі деректер ұсынылған. Мәселен, 1986-жылы көне домбыраның суреті қашалған тас табылған. Онда екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас аспап бейнеленген. Оны зерттеген ғалымдар бұл сурет кем дегенде біздің дәуірімізге дейін 4 мың жыл бұрын бейнеленген деген тұжырымға келген.
Кітапхана қызметкерлері жиналған қауымға ұлттық аспап пен қазақтың күйлері туралы сұрақтар қойып, ішекті аспаптың басқа да түрлерімен таныстырды. Домбыраның тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі 10 шілдеге дейін жалғасады.