Республикалық жалпыұлттық экоакция аймақта жер-жерде жалғасып жатыр. Зайсан ауданы халқы жақсы істен қалар емес. Ақсақалдар бастап, жастар қостаған топ Кеңсай ауылындағы Үйдене су қоймасы аумағында тазалық шарасын ұйымдастырды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаруаға деген халықтың ықыласы бөлек.
Сенбілікке ондаған адам жиналды. Тазалық пен тәртіпті қолдайтын кеңсайлық азаматтар қар ерігелі су қоймасы маңын бірнеше рет тазалаған. Тазалық жұмысынан шет қалмайтын жастың бірі Шалқар Болатбекұлы. Мектепте оныншы сыныпта оқитын бозбала тазалаудан қалмайды. Осындай сенбілікке шыққандағы мақсатымыз ортақ – ауылдың көркін сақтау, табиғатқа жанашырлық таныту. Туған жерімнен артығы жоқ, дейді ерікті.
Көктем келгелі елді мекендер ерекше тәртіппен ретке келтірілген. Әр аптада орталық көшелер мен алаңдар, саябақтар қоқыстан тазартылды. Бұл жолы да қойма маңынан бірнеше қап қалдық жиналды. “Тазалық – мәдениет, тәрбие белгісі”. Айналып келгенде әр азаматтың парызы, деп түсіну керек, дейді жастарға ақыл айтып, жөн сілтеп жүрген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамедқали ақсақал. Жалпы, аудан халқы қандай қайырымды іс болсын шет қалмайды. Барлығы осындай кіші істен басталады. Ауылына жаны ашығанның ағайынға да көмегі тиеді.
Кеңсай және Қарабұлақ ауылдық округтері, сонымен қатар Зайсан қаласының егістік алқаптары Үйдене су қоймасының суымен суарылады. Канал бойында бірнеше тоспа бар. Округ әкімінің айтуынша, тағы да ең маңыздысы - бұл жерге демалушылар көп келеді. Сондықтан көрікті жердің келбеті де келісті болу керек.
Экологиялық акция арнайы белгіленген жерлерде кезек-кезекпен өтеді. Алдын ала дайындалған кестемен учаскелерге тазалық жүргізіледі. Тұрғын аудандар, жол бойы, мәдени және әлеуметтік нысандар аумағында жұма сайын сенбілік. (Показать село, арка, адресник) Жалпы, Кеңсай ауылдық округіне төрт елді мекен қарайды. Округте барлығы 2000-нан аса адам тұрады. Соның 900-і кеңсайлықтар. Ауыл азаматтарының әлеуметтік белсенділігі жоғары. Соның бір мысалы осындай дәстүрлі сенбіліктер.