Өскеменде «Учаске» жедел-алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, пәтер иелерімен кездеседі. Әр тұрғын өзінің учаскелік полиция инспекторын және оның телефон нөмірін білуі керек. Шара аясында тәртіп сақшылары өздері туралы мағлұмат беріп, сонымен қатар тұрғын үйлер мен дүкендердің кіреберістеріне телефон нөмірлері көрсетілген ақпараттық парақтарды ілді.

Полицияға уақтылы жүгіну – қылмыстың алдын алуға және көптеген мәселелерді жедел шешуге көмектеседі. Отбасылық жанжалдан, маскүнемдіктен зардап шеккендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне бермейді. Бұл өз кезегінде зорлық-зомбылықты өршіте түседі. Мұнымен күресу үшін учаскелік инспекторға хабарласқан жөн.

Соңғы кезде белең алған интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторлары түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізеді. Бұл қазір қылмыстың ең көп тараған түрлерінің бірі. Осыған орай учаскелік инспекторлар адамдарға жадынама таратады.