Аймақта балаларды вакцинациялау сәтті жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыста нысаналы топтағы балаларды профилактикалық екпемен қамту көрсеткіші 71,1-74,7% құраған. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сауле Слямғазина мәлімдеді.

Өңірде бір жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау көрсеткіші жоғары. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек туберкулезге қарсы екпе көрсеткіші 97,4 , ал гепатит В-ға қарсы вакцинация 96,6% құраған.

Бір жастан асқан балаларға екпе салу көрсеткіші де жоғары. Екі жасқа дейін салынатын Пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация көрсеткіші 71, қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпе салу 68, полиомиелитке қарсы екпе 74% .

Биыл медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері мен өңірге қарасты қала, аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының эпидемиологтары жүргізген үйлесімді жұмыстың арқасында екпеден бас тарту көрсеткіші анағұрлым төмендеген.