“Жақсылық жасау әркімнің қолынан келеді. Шын ниетпен көмек беру - үлкен іс”. Бүгін ерікті түрде қан доноры болған мемлекеттік қызметкерлер осылай, дейді. Түрлі басқарма, бөлім мамандары игі акцияға қатысты. Жалпы, басқа күндерде де аймақтағы мемлекеттік қызметкерлер қайырымдылық шараларында белсенді.

Мемлекеттік қызмет істері департаменті облыстың мемлекеттік органдары арасында жүргізген талдау барысында аймақтың мемлекеттік қызметшілері арасында әлеуметтік көмек көрсетуге дайын көптеген еріктілер бар екенін анықтаған. Содан бері түрлі игі шаралар қолға алынған. Департамент жанында құрылған «Еріктілер кеңесінің» бастамасымен және Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының қолдауымен «Донор күні» акциясы ұйымдастырылды.

Қан тапсырушылар алдымен медициналық тексерістен өтті. Әр донордың денсаулық жағдайы жіті қаралады. Қан тапсырғаннан кейін де дәрігерлердің нұсқаулығы сақталу тиіс. “Еріктілер өздерінің игі істерінің арқасында қоғам дамуына зор үлес қосады. Әріптестерімді де осы шараға белсене қатысуға шақырамын” дейді мемлекеттік қызметкер Ғаділбек Дуанбеков.

Облыста волонтерлікті дамыту ісі жылдан жылға артып келеді. Мемлекеттік қызметкерлер ерікті болу, ең алдымен, өз елінің патриоты болу, дейді. Себебі, олар адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді көпір бола алады деген ұстанымда. Айта кетейік, облыста 4100 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Соның 110-нан астамы бүгін донор болуға өтініш берген.