Өскеменде волейболдан әуесқой ерлер арасында облыстық ашық турнир өтті. Спортшылар сынға түскен сайыста 17 команда өзара кім мықтыны анықтады. 250 ойыншы қатысқан тартысты додаға арна тілшілері де барып қайтты.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында Әнұран ойналып, барша қатысушылар Мемлекеттік Туға қарап сап түзеді. Екі күнге жалғасқан жарыс барысы мейлінше тартысты өтті. Қызуқанды жанкүйерлердің қиқуына ұласқан сайыста жеңімпаздарды анықтау қиынға түсті. Барлық командалар кілең мықты ойыншыларын іріктеп әкелген. Солардың бірі - Жетіарал ауылының ойыншысы Руслан Баяхметов.

Жалпы, жастардың волейболға деген қызығушылықтары жоғары. Жылдан жылға спорттың бұл түрімен айналысатындар көбейіп келеді. Ала допты алақанында ойнататын балалар талай байрақты бәсекеде топ жарып жүр.

Бұқаралық спортты дамыту үшін Өскеменде атқарылып жатқан шаралар жетерлік. Ең бірінші кезекте халық денінің саулығы, жас спортшыларды қолдау көзделген.

Бірнеше команда бақ сынаған сайыста осалы болмады. Дегенмен, жеңімпаз да, жеңіліс тапқан да бар. Жарыс қорытындысы бойынша «Марқакөл» командасы бас жүлдені алды. Екінші орынды «Күршім» ауданының командасы еншілесе, үшінші орынға «Жетіарал» командасы табан тіреді. Жүлдегерлер арнайы кубок және ақшалай сыйақымен марапатталды.