Облыс орталығында «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда ет, сүт, құрт, қаймақ, бал, көкөністер сынды азық-түлік өнімдері тиімді бағада ұсынылды. Ағаштан жасалған бұйымдар, жылы киімдер де сатып алушылар тарапынан сұранысқа ие болды.

Өскемендегі ірі инвестициялық жоба саналатын «Алтай» көтерме- тарату орталығында жәрмеңке өнімдерін саудалау үшін 73 орын қарастырылған. Бүгінде Риддер қаласы 27 орында өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Оның ішінде 15-і – нақты ауылшаруашылығы өнімін сататын кәсіпкерлер.

Өскемендіктер жәрмеңкеде ұсынылған ет өнімдерін 2000-2500 теңгеден сатып алды. Сенбі сайын өтетін бұл науқанға көзі үйренген халықтың қарасы қалың.

Халық көп жиналған шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев та келді. Ол тауар түрлерімен танысып, концерттік бағдарламаның куәсі болды. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірқатар өнімді сатып алды.

Бұдан бөлек, жәрмеңке алаңында қол күрес, арқан тарту, гір көтеруден сайыстар ұйымдастырылды. Риддер қаласынан келген өнерпаздар ән-биден шашу шашты.