Риддерліктер Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында көрме ұйымдастырып, жергілікті жұртқа концерттік бағдарлама ұсынды. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер жырдан шашу шашты.

Өңірде қайта жанданған дәстүр аясында Риддер қаласының мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті. Облыстық филармония ғимаратында сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен тарихи экспонаттардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.Бұдан бөлек, шараға жиналғандар Риддерде өндірілетін өнім көрмесін де тамашалай алды. Мәдени шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты.

Өңірге жерлестерін қолдап, "Ulytau" тобының музыкалық продюсері, композитор Максим Кичигин де келді. Музыкант мерекелік кеште өнер көрсетті.

Қала тұрғындары осындай мерекелік бағдарламалардың көпшілікке берер пайдасы зор дейді. Тек концерт тамашалап қоймай, әр аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуға да мүмкіндік бар.

Шараның мақсаты «Туған жерге тағызым» акциясын ұлықтау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру,дейді ұйымдастырушылар.