Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін елдегі ең ұзын көпір ашылды. Көпірдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған.

Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы аяқталғаны туралы баяндады. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады. Өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба құрылысы озық инженерлік технологияларды қолдана отырып, барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.

Көпір Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады. Облыс тұрғындарымен кездесуде Премьер-министр жобаны іске асыру көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін, еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін айтты.

Өз кезегінде, көпірдің ашылуына келген аймақ тұрғындары көпір елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартатынын, тауар айналымын жеделдетіп, қызметтерге қолжетімділікті арттыратынын жеткізді.

Премьер-министр ірі жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынын айтты.