2024 жылы елімізде 44 мың долларлық миллионер тіркелген. Соңғы онжылдықта олардың жағдайы 190 пайызға жақсарды. Ал, қарапайым жұмысшының тұрмысы қашан жақсармақ? Әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының құқығын қорғау – уақыт талабы. Осы мақсатта өңірге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен келді.
Облыстық әкімдікте әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов, аудан, қала әкімдері, мемлекеттік органдар мен кәсіподақ өкілдері қатысты. Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі - жалақыны индексациялау, еңбек өнімділігінің сапасын арттыру. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бұл ұсынысты заңды түрде еңбек кодексіне енгізу туралы үкіметке хат жолданғанын айтты. Сондай-ақ, еңбекақы жүйесін қалыптастыруда табыстың әділетті бөлінуі басты назарда болуы тиіс деді.
Аймақ ұжымдық шарттар саны бойынша көш бастап тұр. Жұмысшылардың өндіріс басқаруына қатысуы да тұрақты түрде артып келеді. Отырыс қорытындысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өңірде жұмысшы мамандықтарды қолдау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы жүйелі жұмысы жоғары бағаланды. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы облыс әкіміне «Үздік әлеуметтік әріптес» медалін табыстады.
Бұдан кейін, Сатыбалды Дәулеталин көпсалалы технологиялық колледжге барып, еңбек ұжымымен кездесті. 45 жылдық тарихы бар білім ордасы еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандарын даярлайды. Оқу орнында ірі кәсіпорындардың қолдауымен жабдықталған шеберханалар жұмыс істейді.
Өңірде жұмысшы кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін жыл сайын арттыру мәселесі қаралуда. Мәселен, өткен жылы 6 500 азамат қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 7 000-ға жеткізу көзделіп отыр. Кейбір өндіріс орындары қажетті мамандардың оқу ақысын өздері төлеп, кейін жұмысқа қабылдайды. Өңірде дуалды оқыту жүйесіне ерекше көңіл бөлінген.
Колледж «WorldSkills» чемпионатына белсенді қатысып, өткен жылы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандарды даярлау ісінде мұндай құзыреттілік орталықтарының рөлі зор екенін ерекше атап өтті.