Жеңістің 80 жылдығына орай Ресей Федерациясынан Қазақстанға «Жеңіс эстафетасы» салтанатты түрде табысталды. Бұл халықаралық бастама – соғыс тарихын жаңғыртып, ардагерлерге тағзым етуге, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған.

 «Жеңіс эстафетасы» — бұл жай ғана символ емес. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, халықтар достығының жарқын көрінісі. Ресейден бастау алған эстафета енді Қазақстанның әрбір өңірін аралап, ТМД елдері арасындағы ынтымақтастықты бекемдей түспек.

Шара аясында өскемендегі «Жеңіс» мемориалдық кешенінде ардагерлерге тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Бұл – бейбіт өмір сыйлаған батырларға деген құрметтің белгісі.

Игі бастама облыстық филармонияда жалғасын тапты. Мерекелік кешке 1000-нан астам қала тұрғындары, әскери қызметшілер, студенттер мен мектеп оқушылары жиналды.

Сахна төрінде Өскемен қаласының өнерпаздарынан бөлек шекарашылар да өз өнерлерін көрсетті.

Ресейден арнайы жеткізілген эстафета капсуласы тек өшпес ерлікті ұлықтауды ғана емес, ТМД елдері арасындағы достықты нығайтуды көздейді.