Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-де ядролық энергетика бағдарламасын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды қолдауға арналған халықаралық форум өтті. Шара білім беру және ғылыми мекемелердің, энергетикалық компаниялардың, халықаралық ұйымдар мен реттеуші орган өкілдерінің басын біріктірді.
Форумның мақсаты - халықаралық ынтымақтастықты нығайту және атом саласы үшін жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу. Шараға Австрия, Беларусь, Ресей елдерінен келген сарапшылар қатысты. Мамандардың айтуынша, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен климаттық жағдайды қорғау мақсатына жету үшін атом энергетикасының маңыздылығы зор. Атом электр станциясының үздіксіз жұмысының арқасында қоғам мен өнеркәсіп тұрақты әрі төмен көміртекті энергия көзін алып отырады. Бұған Беларусь жақсы мысалдың бірі бола алады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар атом энергетикасының жоғары технологиялық салаларға, ғылымға, елдердің кадрлық әлеуетін дамытуға қосатын үлесін де талқылады.
Айбек Ақаевтың айтуынша, елімізде атом саласында білікті мамандар тапшылығы туындамауы тиіс. Бүгінгі таңда университет бұл бағытта біршама жұмысты қолға алған.
Мамандардың айтуынша, университетте студенттердің теориялық дайындығына ғана емес, алған білімін іске асыру жағына да баса мән берілмек. Энергияның болашақтағы тапшылығы туралы қазірден бастап ойлану қажет. Бұл ретте елімізде Атом электр станциясын салу - тиімді әрі ұтымды шешім. Жиында бас қосқан сарапшылар осындай пікірде.