Ұлттық кітап күні – кітаптың адамзат өркениетіндегі рөлі мен құндылығын насихаттауға бағытталған. Атаулы күнге орай облыс орталығында кітапсүйер қауымға арналған бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

Ұлттық кітап күніне орай Өскемен кітапханаларында түрлі мәдени іс-шаралар өтті. Соның бірі - «Бақыт сенен басталады» инклюзивті фестивалі. ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында киіз үй тігіліп, жиналған қауым атаулы күн мен Наурыз мерекесін ерекше атап өтті.

Фестиваль көруге келген қала тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі жандар киіз үй маңындағы концерттік бағдарланы тамашалап, ұлттық ойындар ойнады. Киіз үйде көңілді отырыс жасап, бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты.. Атаулы күнге орай «Жұлдыз» балалар өнер мектебі де фестивальге арнайы көрме алып келген.

Оралхан Бөкей атындағы орталық балалар кітапханасында да атаулы күнге орай «Балаларға арналған тұңғыш кітаптар мен мерзімдік басылымдар тарихы – интерактивте» атты әдеби - тарихи танымдық шара өтті. Кітапхана қонақтары балалар мұражайында жинақталған рухани жәдігерлермен танысты.

Кітап – ұлттың рухани байлығы. Өскеменде өткен танымдық шаралар түрлі жастағы тұрғындарды кітаппен қайта табыстырып, мәдени орта қалыптастыруға сеп болды. Бұл күн – қоғамның әрбір мүшесін кітап оқуға, білім мен руханиятқа бет бұруға шақырады.