Өскемен халқы үшін әр сенбі ерекше. Апта сайын өңірге қарасты аудандардың мәдени күндерін өткізу дәстүрге айналған. Бұл жолы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде садақ атудан сайыс өтті. Сұрмергендер Риддер әкімінің кубогы сарапқа салды.

Әкім кубогы үшін жарысқа алыс-жақын аудандардан 40-қа жуық сұрмерген жиналды. Көрші Абай облысынан да бақ сынауға келгендер бар.Турнирге қатысушылар арасында көзге түскендердің бірі - зайсандық Дәурен Қанатбаев. Бұл спорт түрімен айналысқанына бір жылдай болған. Бүгінде түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген.

Садақ ату өнері әр қазақтың қанында бар. Соңғы уақытта аталмыш спорт түріне қыздардың да қызығушылығы артқан. Садақ пен жебені жанына серік еткен жанның бірі - Бибати Тұрымтайқызы.

Турнирде екі нысана қойылды. Жекелей-қалқан мен командалық -жамбы. Қалқанға ер адамдар 60 метрден, ал әйелдер 50 метр қашықтықта қатысты. Нысананы дөп көздегендер келесі кезеңге өтіп, өзара шеберлік сынасады. Екінші нысана - көздеуден командалық ойынға арналған.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаевтың сөзінше аталмыш жарыс жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын оятады.

Жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Жарыс соңында әйелдер мен ерлер арасында жүлдегерлер анықталды. Топтық есепте жеңіске жеткендер де марапатталды.