Ұлттық спорт жайлы сөз болса, көптің ойына тек көкпар мен бәйге келері сөзсіз. Бірақ, ұланғайыр атырапты мекендеген біздің ел қоржынында мұнан өзге де спорт түрлері көп. Мәселен, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ және асық ату. Айта берсең бұл тізім одан әрі созыла бермек. Ұлттық кодты ұлықтап, рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында төл спортты түлету және оған баса назар аудару - басты бағдар. Осы ұранды ту еткен Өскемендіктер асық ату спортынан ересектер арасында “Respublica” аймақтық іріктеу турнирін өткізді.

Республика күні қарсаңында өткен сайысқа кіл мықтылар қатысты. Олар өзара жүзден жүйрікті анықтады. Додада сақа спортшылар бақ сынап, бәсекелестікті күшейтті. Қатысушылар қатарында көшпенділер ойындарының жеңімпаздары, халықаралық ірі турнир жүлдегерлері бар. Соның бірі - Сұлтан Амантай. Ол асық атудың шебері. Бұл салада жүргеніне 15 жылдай болған.

Ұйымдастырушылар осындай жарыстарды неғұрлым жиі өткізу арқылы ұлттық ойындарды барынша насихаттаймыз дейді. Сайыста спортшылардың шеберлігі шыңдалып, жан-жақты дами түспек.

Аймақта “Асық ату” федерациясының құрылғанына жарты жыл болған. Тілек Бейісовтың айтуынша алда атқарылар жұмыс көп.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Хапас Бекужан иеленсе, екінші орынды Жантас Темірбаев алды. Ал қола жүлде Амантай Нұрмағанбетке бұйырды. Жарыс жеңімпазы республикалық турнирге жолдама алып, облыс намысын қорғайды. Басты жүлде темір тұлпар болмақ.