Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасын табуда. Туған жердің табиғатын қорғап, қоршаған ортаның тазалығына мән беруге үндейтін бұл бастамаға жергілікті халық бей-жай қарамауда. Жер-жерде өткізіліп жатқан акциядан Күршім ауданының азаматтары да қалыс қалмады.
Тазалық шарасы аудан орталығы Күршім ауылынан бастау алды. Аудан жастары, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен ауыл тұрғындары жаппай сенбілікке шығып, белсенділік танытты. Экологиялық акцияға қатысушылар көше бойын, саябақтарды, арық арнасы мен Күршім өзені жағалауындағы қоқыс қалдығын тап-тұйнақтай етіп жинап шықты.
Экологиялық акция арнайы белгіленген жерлерде кезек-кезекпен өтеді. Алдын ала дайындалған кестемен учаскелерге тазалық жүргізіледі. Аудан жастары да «Таза Қазақстан» акциясын бірауыздан қолдайды. Себебі, шараның мақсаты туған жерді таза ұстау. Бұқара арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өзгеге үлгі болу.
«Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың бірлігін арттырып, бірлескен жұмыс нәтижесінде аудан көркінің одан әрі ажарлана түсуіне септігін тигізді.